+7 (727) 356-96-00
«Шинхан Банк Казахстан» АҚ

Алаяқтардан сақ болыңыз!

2022 ж. 4 шілде

Қаржылық алаяқтар азаматтарды өз схемаларына белсенді түрде тартуды жалғастыруда. «Алаяқтық» бабы бойынша Қазақстанда 2022 жылдың басынан бастап бес ай ішінде 17,8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде интернет-алаяқтық бойынша – 8 мыңнан астам, төлем карталарын пайдалана отырып – 127. Бұл 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы кезеңге қарағанда 20%-ға артық.

Алаяқтардың жаңа схемалары – бұл алдаудың жетілдірілген ескі тәсілдері. Зиянкестердің басты мақсаты – азаматтардың дербес деректеріне және банктік шоттарына қол жеткізу.

Қазіргі заманғы алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін қолданады, яғни әртүрлі психологиялық және әлеуметтанушылық әдістер, айла-шарғылар және IT-технологиялар арқылы құрбандарына шабуыл жасайды. Нәтижесінде адам әлеуметтік инженерлерге барлық қажетті ақпаратты өз еркімен береді: төлем карталарының деректемелерін, электрондық пошта мен мобильдік банкингтің құпия сөздерін және басқа да құпия ақпаратты.

Схема: телефон арқылы жасалатын алаяқтық

Әлеуметтік инженерлер телефон арқылы сөйлескенде әдетте адамдар алдауды күтпейтіндердің атынан: банктердің, Қазақстан Ұлттық Банкінің, құқық қорғау органдарының, Экономикалық тергеу департаментінің, салық және коммуналдық қызметтердің қызметкерлері ретінде өздерін таныстырады.

Алаяқтар телефон нөмірлерін ауыстырудың түрлі қызметтерін, мысалы SIP-телефонияны пайдаланады, сондықтан кез келген банктің колл-орталығының төрт таңбалы нөмірін де оңай қолдан жасай алады.

Мысалы, қаскүнемдер зейнеткерлерге қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, картадан біреу ақша шығаруға әрекет жасап жатқанын хабарлайды. Бұған жол бермеу үшін клиент қаражатты дереу «қауіпсіз шотқа» аударуы керек деп талап етеді. Бұл ретте алаяқтар асықтырып, эмоционалды қысым көрсетеді.

Тағы бір схема «қате» аударыммен байланысты. Шотыңызға шынымен бір сома түседі. Содан кейін адам қоңырау шалып, ақшаны байқаусызда аударғанын айтып, қайтаруды сұрайды. Алайда кейін атыңызға бірнеше кредит ресімделгені белгілі болады: сіз бұл ақшаны алып, өзіңіз аударғандықтан, кредит алуды растаған болып шығасыз.

Абайлаңыз және сақ болыңыз! Ең алдымен әңгімені тоқтатып, сізге оның атынан қоңырау соққан ұйымға оның ресми интернет-ресурсында көрсетілген нөмір бойынша өзіңіз қоңырау соғыңыз. Сізге қызмет көрсететін банктің байланыс нөмірін карточканың сыртқы жағынан табуға болады.

Ешбір жағдайда қоңырау соғушылардың нұсқауларын орындамаңыз: ақша аудармаңыз, күмәнді қосымшалар орнатпаңыз және SMS-кодтарды айтпаңыз. Шотыңызға күтпеген ақша түссе, банкіңізге хабарласып, аударымды тоқтатуды өтініңіз.

Кеңес: ақша туралы сөз қозғайтын бейтаныс адамдарға сенбеңіз! Дербес деректеріңіз бен карточка деректемелерін – CVC/CVV-кодты, ПИН-кодты, қолданыс мерзімін – ешкімге айтпаңыз. Банк қызметкерлері бұл ақпаратты еш уақытта телефон арқылы сұрамайды!

Материал fingramota.kz порталының ақпараты бойынша дайындалған.